Бұл туралы бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы, партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезінде ҚХА Төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков айтты.
«Бүгін бізге маңызды шешім қабылдап, алдағы сайлауда билік партиясы атынан кандидаттың есімін атау қажет. Қазір ғана танымал қоғам және мемлекет қайраткері, академик К.Сағадиев осы ұсынысты жасады. Бұл біздің Елбасымыз, бұл біздің Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл ұсынысты бірауыздан қолдайды», - деді ол.
А.Башмаков өз сөзінде қызмет бабымен еліміздің түрлі өңірлерінде жиі болатындығын атап өтті.
«Мәселен, таяуда Солтүстік Қазақстан өңірінің тұрғындарымен кездестім. Олар болашақтарын тек Н.Назарбаевпен байланыстыратындығын Мемлекет басшысына жеткізуді өтінді», - деді ҚХА Төрағасының орынбасары.
Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезін бүгін «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан сағат 21:30-де көре аласыздар.