«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 29 мыңнан астам жалдамалы пәтер сатып алынады. Бұл туралы бүгiн «Бәйтерек» холдингiнiң қоғамдық кеңесiнiң отырысында ҚР Премьер-Министрiнiң бiрiншi орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлiм еттi.
«Қазiргi уақытта Қазақстан бойынша, тұрғын-үй коммуналдық қорында 300 мың адам пәтер кезегiнде тұр. Олардың 130 мыңнан астамы - халықтың әлеуметтiк әлсiз топтары, 124 мыңы - бюджеттiк және мемлекеттiк қызметкерлер, 44 мыңы - жетiмдер.
Арендалық пәтерлердiң 60 пайызы Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе қалаларында және 40 пайызы - облыстық орталықтарда, моноқалаларда, ауылдық пунктерде орналасқан», - деп атап өттi ол.
Бағдарлама бойынша, шағын пәтерлерге басымдық берiледi. Бiр бөлмелi пәтер 33 шаршы метр, екi бөлмелi - 45 шаршы метр және үш бөлмелi пәтер - 62 шаршы метрдi құрайтын болады.
50 шаршы метрдi құрайтын кейiн сатып алу құқығы бар арендалық пәтерге ай сайын 56 мыңға теңге, сатып алу құқығы жоқ арендалық пәтерге ай сайын 28 мың теңге шығады», - дедi бiрiншi вице-премьер.
Пәтерлердi беру барысында көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүгедек балалары бар жанұяларға, оралмандарға, мемлекеттiк және бюджеттiк мекеме қызметкерлерiне басымдық берiледi. Сонымен қатар, пәтерлердiң 50 пайызы үйленгендерiне 3 жылдан кем емес 35 жасқа дейiнгi жас отбасыларға үлестiрiледi.
ҚазАқпарт