Бүгін Елорданы астана деп жариялау туралы жарлық шыққан күн - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Елорданы астана деп жариялау туралы жарлық шыққан күн

10.12.2019
Бүгін Елорданы астана деп жариялау туралы жарлық шыққан күн

Бүгін Елорданың ресми түрде астана болып жарияланғанына 22 жыл толды. 1997 жылдың қазан айында сол кездегі Ақмола қаласын астана етіп жариялау туралы Жарлыққа қол қойылған болатын. 

1994 жылы 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының астанасын ауыстыру туралы» Қаулы қабылдады.

1997 жылы 20 қазанда Нұрсұлтан Назарбаев «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы» Жарлық шығарды.

1997 жылдың 10 желтоқсанында астана Алматы қаласынан Ақмола қаласына ресми түрде ауыстырылды.

Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі. Тарихи күндердің тізбесі осындай.

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы 4 ауданнан тұратын мегаполиске айналды. Қаланың ауданы 797,3 мың ш.м. тең. Оның ішінде Алматы ауданы – 154,7 мың ш.м, Сарыарқа ауданы – 67,7 мың ш.м, Есіл ауданы –393,5 мың ш.м, Байқоңыр ауданы– 181,2 мың ш.м.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметіне қарағанда осы жылдың 1 қазанына дейін Нұр-Сұлтан қаласы халқының саны 1 121 809 адамды құраған. 


Елордаға басқа қалалардан қоныс аударушылардың қарасы басым. Сонымен қатар туу көрсеткіші де тұрақты түрде артып келеді. 2019 жылғы қаңтар-қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тұтастай алғанда 21786 туғандар тіркелді. Туудың жалпы коэффициенті халықтың 1000 адамына шаққанда 26,30 туылғандарды құрады.

Осы уақыт ішінде қала халқының саны да қаланың аумағы да үш есеге артқан. Салынған инвестиция көлемі 50 есеге көбейді.

elorda.info

Хабарламаларға жазылу