Астанада өтіп жатқан ауыр атлетикадан ел чемпионаты бүгін қорытындыланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада өтіп жатқан ауыр атлетикадан ел чемпионаты бүгін қорытындыланады

24.02.2015
Астанада өтіп жатқан ауыр атлетикадан ел чемпионаты бүгін қорытындыланады

Бүгінде Астанада 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен қыздар арасында ауыр атлетикадан ел чемпионаты өтіп жатыр. Осыған орай «Таңшолпанда» Ауыр атлетикадан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Меңдіхан Тәпсір және Астана қаласы Ауыр атлетика федерациясының президенті Марат Әубәкіров қонақта болды.

Жарыстың өту барысы, спортшылардың деңгейіне тоқталған Меңдіхан Тәпсір: «17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындары өтеді.  Сол себепті бұл жарыстың маңызы зор. Оны біз жыл сайын әр өңірде өткізіп келеміз.

Осыған дейін Қарағанды, Петропавл, Шымкент, Көкшетау, Семей қалаларында өткізген едік. Биылғы кезек – Астанада.  Жарыстың негізгі мақсаты – ауыр атлетиканы Елордада насихаттау, дамыту. Айта кету керек, 14  облыс және Алматы, Астана қалаларынан 20 команда қатысуда. Жарысқа жалпы саны 226 спортшы жиналды. Сайыс тартысты өтуде»,-дейді.

Ауыр атлетика жарысы Астанада алғаш рет 2004 жылы ұйымдастырылды. Араға 11 жыл салып, биыл қайта келді. Астана қаласы Ауыр атлетика федерациясының президенті Марат Әубәкіров сайыстың осыншама ұзақ уақыт өтпеуінің себебіне тоқталды.

«Айта кету керек, біздің Астанадан елге танымал Анатолий Храпатый деген спортшы шықты. Сол кісіден кейін дәл осы Астанадан шыққан спортшылар аз. Храпатый дүниеден өткен соң, ауыр атлетика көлеңкеде қалып қойды. Сол себепті, бұл спорт түрін қайта жаңғырту мақсатында биылғы жарысты ұйымдастырып отырмыз»,-дейді.

Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу