Адамзатты музыкасымен бас идірген Вольфганг Амадей Моцарт – XVIII ғасырда Австрияда небәрі 35 жыл өмір сүрген. Ал, қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев 45 жасында дүние салды. Екеуі екі дәуірде өмір сүрсе де, оларды біріктіретін бір жайт бар. Ол – реквием.
Реквием – латын тілінен қазақшалағанда, «марқұмға бағышталатын дұға» деген мағынаны береді. Амадей Моцарт өмірінің соңында осындай туындыларды көптеп жазды. 35 жасында қоштасу жырын жазған Моцартқа тағдырдың өзі белгі бергендей...
«Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде,
Кім біледі, ендігі қалған өмір
Неше жылға жетерін, неше күнге.
Ұмыт болып, есебің, өсегің де,
Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде...»,-деп жырлаған Мұқағали ақын да 45 жаста қайтыс болды.
«Астана Опера» театрында Мақатаевтың өлеңдері мен Моцарттың музыкасы біріктірілген концерт қойылды.
«Мұндай концерт беру – біздің театр үшін эксперимент болып отыр. Мақатаевтың «Моцарт. Жан азасы» атты поэмасы бар. Ол Моцарттың музыкасын тыңдау арқылы туған. Шынында да, екі тұлғаның арасында рухани байланыс бар. Өйткені, мұнда өлең музыканы толықтырып тұрады»,-дейді бас хормейстер Ержан Болатұлы.
Концертте Моцарттың шығармаларын театрдың камералық хоры мен симфониялық оркестрі орындаса, театр әншілері Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Толығырақ «Таңшолпаннан» көріңіз.