Жазушы Герольд Бельгермен қоштасу 10 ақпанда өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жазушы Герольд Бельгермен қоштасу 10 ақпанда өтеді

08.02.2015
Жазушы Герольд Бельгермен қоштасу 10 ақпанда өтеді

Қазақстан халқы жазушы Герольд Бельгерді 10 ақпанда ақтық сапарға шығарып салады. Қоштасу рәсімі Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске сала кетейік, жазушы, аудармашы, әдебиеттанушы Герольд Бельгер 81 жасына қараған шағында 7 ақпан күні қайтыс болды.

Саналы ғұмырын әдебиетке арнаған жазушы 60 кітап және қазақ, орыс, неміс тілдерінде 2 мыңға жуық еңбек жазған.

Ол «Ауыл шетіндегі үй», «Даладағы шағалалар», «Алты асу», «Тас өткел», «Бауырластықтың жанды бейнесі», «Созвучие», «Уақытпен бетпе-бет», «Мотивы трех струн», «Гете и Абай», «Родство», «Земные избранники» зерттеу еңбектерінің, жекелеген әңгіме, мақалалары енген 25-ке жуық жинақтардың авторы. 

Б.Майлин, Х.Есенжанов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, Д.Досжанов, тағы басқа қазақ жазушыларының бірқатар шығармаларын қазақшадан орыс  тіліне, А.Раймген, Э.Кончак, Н.Ваккер, тағы басқа неміс ақын-жазушыларының жекелеген туындыларын неміс тілінен орысшаға аударды. 

Герольд Бельгер Қазақстан Жазушылар одағының Б.Майлин атындағы сыйлықтың, Президенттің бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығының, сондай-ақ, Қазақстан ПЕН-клуб сыйлығының иегері. «Парасат» орденімен марапатталған. 

Хабарламаларға жазылу