Талдықорғанда сәулетшілердің қатысуымен болашақта қалада салынатын жобалардың үздік эскиз-идеясының байқауы өтті. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.
Айта кетейік, биыл Талдықорғанда жаңа Салтанат сарайы, драма театры және көрме кешені бой көтермек.
Осыған орай, еліміздің әр аймағынан жиналған 10-ға жуық үміткер 3 ғимараттың кешендік жобасын әзірлеп, көрмеге ұсынды.
Сондай-ақ, көрмеде Қазақстан Республикасы Архитекторлар одағының президенті Ақмырза Рүстембеков құттықтау сөз сөйлеп, облыс әкімі Амандық Баталов құрылыс басшыларына Құрмет грамоталарын табыс етті.
Облыс әкімінің айтуынша, көрмеде ұсынылған эскиздер арасынан комиссия қала климатына ыңғайлы үздік жобаны таңдап алмақ. «Алдағы уақытта жобалық-сметалық құжаттар әзірленеді. Содан кейін құрылыс жұмыстарын бастаймыз», - деді Амандық Баталов.