Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Украина президенті Петр Порошенкомен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Украина президенті Петр Порошенкомен кездесті

22.12.2014
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Украина президенті Петр Порошенкомен кездесті

Мемлекет басшылары екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін, күн тәртібіндегі халықаралық өзекті жайттарды қарастырды. Сонымен қатар, екі елдің көшбасшылары Украинадағы ахуалды, оны барлық мүдделі тараптардың қатысуы арқылы реттеу жолдарын талқылады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар мәнді мәселелері жөнінде пікір алмасуға мүмкіндік беретін бұл кездесудің маңыздылығына тоқталды.

«Барлық қиындықтарға қарамастан Рада сайлауын өткізіп, үкімет құра алғандығыңыз үшін Сізді құттықтағым келеді. Бұл – Сіздің президент ретіндегі алғашқы үлкен жеңісіңіз. Минск хаттамасының әзірленуі де Сіздің еңбегіңіз», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті елдеріміз арасындағы экономикалық байланыстарды қалпына келтіру және деңгейін көтеру қажеттігіне назар аударды.  

«Қазақстанда Украинаның коммуналдық және ауыл шаруашылығы техникалары кеңінен қолданылады, азық-түлік әкелінеді. Украинаға біз де өз өнімдерімізді жеткізіп отырдық. 4 миллиард долларды құраған тауар айналымының көлемі күрт төмендеді. Бірақ бұрынғы көрсеткішке жетуге біздің мүмкіндігіміз бар. Бұл орайда, үкіметаралық комиссия табанды жұмыс жүргізіп, ынтымақтастық жолдарын табуы тиіс. Мен ондай мүмкіндіктердің бар екенін білемін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Украина төңірегіндегі ахуалды бейбіт реттеуге бағытталған барлық шараларды қолдайтынын айтты.

Ал, П.Порошенко екі мемлекеттің өзара ықпалдастығының әлеуетін сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да негізгі салаларда белсенді түрде пайдалану қажеттігіне тоқталды.

«Елдеріміз арасындағы кедергіні жоюға ықпал ететін үкіметаралық комиссияның жұмысын бастау қажет. Сізге Украинаның егемендігін, аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін қолдау тұрғысындағы берік әрі сындарлы ұстанымыңыз үшін алғыс айтамын. Бізге Минскіде қысқаша әңгімелесуге мүмкіндік туды. Жасалған мәлімдемелер, уағдаластықтар нақты көрініс тауып отыр. Украина мұны жете бағалайды», – деді Украина Президенті.

Хабарламаларға жазылу