«Таңшолпан» бағдарламасы ұйымдастырған «Жырлаймын туған елімді» жыр додасы бүгін мәресіне жетті. Осыған орай таңғы бағдарламада жас ақындар Ақберен Елгезек пен Ерлан Жүніс «Таңшолпанда» қонақта болып, сұхбат берді.
«Біз Тәуелсіздік заманында ержеткен ұрпақпыз. Қиыншылығын да, жетістіктерін де көріп келеміз. Тәуелсіздік алған Қазақ елін көрген өте бақытты ұрпақпыз»,-дейді Ақберен Елгезек.
Ал, жалпы байқауға тоқтала кеткен Ерлан Жүніс: «Біз бұл байқаудан мектеп оқушысынан бастап, 70-тен асқан қарияның да өлеңін оқыдық. Оларда өлеңнің техникасына байланысты аздаған кемшіліктер болғанымен, ол өлеңнен сезілетін махаббат, мемлекетшілдік, қазақылық бізге ерекше шабыт сыйлады. Байқауға қатысушыларды бірінен бірі кем деуге келмес, бірақ, дода болған соң, мұнда жеңімпаздың болары заңдылық»,-дейді.
«Бұл байқау болғандықтан, біз өз тарапымыздан көңілжықпастықпен емес, неғұрлым қатаң қарадық. Өлеңнің өзінің заңдылықтары бар. Ол – көркемдік теңеу, техникалық жағы бар. Сол себепті, біздің таңдап алған жүлдегерлер лайық болды, деп есептеймін»,-дейді Ақберен Елгезек.
Студияға сондай-ақ, байқаудың жеңімпаздары да келді. Олар: үшінші орын иегері – шығысқазақстандық Айдана Сегізбаева, екінші орынды иеленген – Алматы облысынан келген Мерген Тоқсанбай және бірінші орын иегері Қызылорда облысынан келген Салтанат Қожа. Ал, байқаудың бас жүлдесін алған - жас ақын Қайсар Қауымбек.
«Мен бұл байқау турасында «Таңшолпан» бағдарламасынан көрдім. Жалпы, осы тектес байқауларды жиі өткізіп тұру керек сияқты. Бізде көбіне айтыс өткізіліп жатады. Бірақ, жазба ақындарға да насихат қажет»,-дейді бас жүлде иегері.
Жеңімпаздардың байқау турасындағы ойын «Таңшолпанның» сюжетінен біле аласыздар.