Гүлнар Салықбаева Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Гүлнар Салықбаева Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды

09.12.2014
Гүлнар Салықбаева Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды

Тәуелсіздік күніне орай ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әдебиет пен өнер саласындағы 2014 жылғы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру туралы» Жарлығына сәйкес Мемлекеттік сыйлық әдебиет саласы бойынша «Кешіріңдер, келгенімді өмірге» атты өлеңдер жинағы үшін ақын Гүлнар Салықбаева берілді. Ақын сондай-ақ, «Жазушы» баспасы тағайындаған «Жылдың үздік қаламгері» сыйлығымен марапатталды.

Гүлнар Салықбаева – 1963 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында туған. 1986 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

«Бір жұтым ауа, қызыл күн», «Жан», «Аспандағы аңсарым», «Түс», «Кешіріңдер келгенімді өмірге» жыр жинақтары, «Марина Цветаева» атты аударма кітабы жарық көрген. Бүгінде «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының бас редакторы.

«Кешіріңдер келгенімді өмірге»

Кешіріңдер кең пейілді пішінде:
жүргенімді осы байтақ өңірде!
Кешіріңдер 
дәл осылай болғандығым үшін де,
келгенімді өмірге...

Кешіріңдер 
сүйгенімді өртеніп,
Күтіп желдің өкпегін.
Түкке тұрмас бір істерге тер төгіп,
өмірімнің өткенін...

Кешіріңдер
жақсы көрсем бәріңді,
көргім келіп биіктен.
Содан кейін өртеп алып барымды,
Жер тырнасам күйіктен.

Кешіріңдер
сенгенімді себепсіз,
жарқыраған бағымды.
Тозып біткен заттарыңдай, керексіз
лақтырылған шағымды.

Кешіріңдер
құрметсіздің қулығын
дер кезінде ұқпасам. 
Қырық тесік болса дағы сулығым,
қабағымды шытпасам.

Кешіріңдер
түсінбесем біріңді,
көңілімнің қалғанын.
Кешіріңдер 
жүрегімді, жырымды
және олардың арманын...

Кешіріңдер
өзгешелеу түсінік, 
өңге айналмас түсімді.
Оңып кеткен көйлегімді – түсі ұмыт,
мағынасыз ісімді...

Кешіріңдер
күткенімді үгіліп,
Кездерімді жаңылған.
Көз жасымды – 
шыға алмаған тығылып,
жүрегіме ағылған...

Кешіріңдер 
жасырылған жарамды –
ешқашан да таңбаған.
Кешіріңдер қолымдағы қаламды –
құмары бір қанбаған.

Кешіріңдер кітабымды бітетін –
айта алмастан бір шынын.
Кешіріңдер кереметтер күтетін
жүрегімнің дүрсілін...

Кешіріңдер
осынау бір адамды –
жағдайы жоқ белсенер.
Кешіріңдер иен қалған жағамды
қолдарыңнан келсе егер... 

Кешіріңдер
жазылмаған сөзімді,
өзімді де әлі аман.
Кешіріңдер менің ғашық көзімді –
өздеріңе қараған...

Фото: jasorken.kz

Хабарламаларға жазылу