«Поэзия әлемінде» - Серік Томанов шығармашылығы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Поэзия әлемінде» - Серік Томанов шығармашылығы

29.11.2014
«Поэзия әлемінде»  - Серік Томанов шығармашылығы

Жыр аспанында жасындай жарқырап өткен Серік Томанов: «Ақын деген атты алғаннан кейін  мен тек қана ақын деген атпен қалуым керек», дейтін.

«Серік шын мәнінде Ақан сияқты өмір кешкен адам»,-деп еске алады оны замандастары. Бүгін Ұлттық арнадан сағат 13.00-де «Поэзия әлемін» көріңіз.

Біздің анықтама:

Серік Жапарұлы Томанов 1956 жылдың 4 наурызында  Талас ауданы, Сәду Шәкіров ауылында дүниеге келді. ҚазМУ-ді бітірген (1989).

«Ленин жолы» (қазіргі «Талас тынысы»)  газетінің редакциясында еңбек жолын бастады. Алғашқы өлеңдері осында жарияланды. 1990 ж.ылы Алматыдағы «Балдырған» журналының редакциясында қызмет істеді.

2000 жылы  «Адасып жүрген ақбөкен едім» деп аталатын жыр жинағы жарық көрді. Бұл жинақ оқырман қауымның жылы лебізіне ие болды. Ақынның «Аққулар», «Қызыл көйлек киген қыз», «Сатушы қыз», «Аузынан айдың түскен қыз», «Сезімді қайтем тулаған» атты өлеңдеріне сазгерлер ән жазды.

Теректің шешімі

Мен – терекпiн,
Тоналып тозған бүгiн.
Күзi жеткен жайдары жаздан бұрын.
Tipi өлiктей түнерiп тұрғанша бұл,
Қопарыла құлайын қозғал, дiңiм!

Қозғал, дiңiм,
Қинама, құлат мені.
Ұзынымнан түсейiн сұлап кері,
Мазалауын қоймай тұр мына бiр жел,
Бiтпеген бе, бәтшағар сынап тегі.

Қозғал, дiңiм,
Құлайын жаңқаланып,
Күн кешкенше, құр бекер қаңқа бағып.
Қарық болсын қысқы отын табылды деп,
Қожайыным қолына балтаны алып.

Қозғал, дiңiм,
Қалған жоқ, таңданар түк,
Қашанғы тұрам саған салмақ артып.
Сүйретiліп құр сүлде күн кешкенше,
Жалын болып лапылдап жанған артық!

Хабарламаларға жазылу