«Поэзия әлемінде» - Рахат Әбдірахмановтың шығармашылығы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Поэзия әлемінде» - Рахат Әбдірахмановтың шығармашылығы

14.03.2015
«Поэзия әлемінде» - Рахат Әбдірахмановтың  шығармашылығы

Рахат Әбдірахманов – поэзияға құлшына қалам тербеген республикаға танымал ақын. Жыр жүйрігінің 30-дан астам әнін  бүгінде қазақ  эстрадасының  жұлдыздары әуелете орындап жүр.

Ал, қаламдастары ақын турасында: «Рахаттың өлеңдерінен  ізгіліктің  нұры мен тағылымдылықтың лебі есіп тұрады», дейді.

Рахат Әбдірахманов – 1979 жылдың 17 қаңтарында Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, қазіргі Тоқтар Әубәкіров атындағы ауылда дүниеге келген. 2000 жылы академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің  «философия және психология» факультетін «психология» мамандығы бойынша тәмамдаған.  «Әдемі менің әлемім»,  «Жанымның жазба нұсқасы» кітаптарының авторы.

Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына орай өткізілген облыстық ақындар мүшәйрасының ІІ орын иегері. Баянауылда өткен І республикалық  жас ақын-жазушылар форумында арнайы сыйлық алған.

Балқаш қаласының 70 жылдығына орай өткізілген облыстық мүшәйраның ІІ орын иегері. Ақтоғай аудандық «Тоқырауын тынысы» газетінің 70 жылдығына өткізілген облыстық мүшәйраның І орын иегері. Қасым Аманжолов атындағы І облыстық ақындар мүшәйрасының бас жүлде иегері. 

Ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы толығырақ бүгін  13.00-де  «Поэзия әлемі» хабарынан біле аласыздар.

ӨЛЕҢ жайлы ӨЛЕҢ

Көк пен Жерге тең салып назарымды,
От кеудемнен төгемін ғазалымды.
Көзсіздерге көрменің керегі жоқ,
Оқылса деп жазамын жазарымды.

Намысымды тұрса да қайрап ішкі үн,
Тексіздермен келмейді байланысқым.
Өз елінде өз тілін ұмытқандар,
Өлеңімнің өзегін қайдан ұқсын!

Құрсаққа алтын тұнған соң тынысына от,
Жүр дер едім ұлтыңның ырысы боп!
Жезөкше қыз жырымды оқымайды,
Онсыз да жұмысы көп....

Сөзде өмірім, сөзде бақ, сөзде сорым,
Қораштау боп көрінер көзге соным...
Шенеунігің шерімді білмейді ғой-
Менікінен музасы өзгеше оның...

Дүниенің болған соң ғажабы өлең-
Мөлдірлігін бәрінен таза көрем...
...Жүрегі бар адамдар оқыған соң-
Жүрегімнің айтқанын жаза берем!

Хабарламаларға жазылу