Павлодар облысында тұрғын үй құрылысын жүргізу бойынша тұрақты өсім бар. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев брифинг барысында мәлімдеді.
Қанат Бозымбаев Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты жаңа экономикалық саясаттың негізгі басымдығы - тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту екенін тілге тиек етті. Бұл Павлодар облысының тұрғындары үшін жоғары маңызға ие, себебі қазіргі таңда аймақтың 12 мыңнан астамы тұрғын үй кезегінде тұр.
Оның айтуынша, биылғы жылы аймақта қаржыландырудың барлық көздерінен бөлінген қаражатқа тұрғын үйдің 165 мың шаршы метрі қолданысқа беріледі деп күтілуде. Ағымдағы жылы 90 мың шаршы метрі пайдалануға берілді.
Шара барысында аймақ басшысы облыста тұрғын үй құрылысы саясаты бойынша жүргізілетін жұмыс жаңаша бет алғанын айтты. Мәселен, өткен жылдары Павлодар қаласында тұрғын үйлер кезек-кезегімен салынса, болашақта шағын аудандарды жоспарлы түрде салу жұмыстары қолға алынбақ.