«Жырлаймын туған елімді» байқауының кезекті қатысушысы – Раушан Жәбекқызы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жырлаймын туған елімді» байқауының кезекті қатысушысы – Раушан Жәбекқызы

20.11.2014
«Жырлаймын туған елімді» байқауының кезекті қатысушысы – Раушан Жәбекқызы

«Таңшолпан» ақпаратты-сазды бағдарламасы жариялаған «Жырлаймын туған елімді» ақындар байқауының кезекті қатысушысы – Раушан Жәбекқызы.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданының тумасы байқауға «Аяулы елім, аман бол, қиянаттан» атты өлеңін ұсынып отыр.

Сондай-ақ, байқаудың тағы бір қатысушысы – Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Торғай ауылының тумасы Күлпараш Иманғалиеваның өлеңін «Таңшолпаннан» тыңдай аласыздар.

 

Аяулы елім, аман бол, қиянаттан

Елім, жерім – тірегім, мақтанышым

Мақтанышым жыр болып ақтарылсын,

Ата-баба біздер мен сіздер үшін

Тау қопарып, бастырған тасқа түсін.

Кілемдейін құлпырған қырға ажарың,

Түсіргендей тіліме жыр ғазалын.

Сөз жетпейтін қастерлі қасиетіңді

Апта жетпей, ай жетпей, жыл жазамын.

Бал бұлақтың мөп-мөлдір суын да ішкен

Қажет кезде тайсалмай уын да ішкен,

Арыстарым тарих боп қасқайып тұр

Туған жердің айқындап, Туын тіккен.

Аналарым шетінен дана туған,

Сондықтан да, ұлы елім, дара тұлғаң.

Әр тамшысы аналар ақ сүтінің,

Тұнығынан даламның жаратылған.

Туған елде ырыс бар, береке де,

Әзіл айтар ақкөңіл жеңеше де.

Елде өткен жай күнім бергісіз-ау,

Жат жерде өткен думанды мерекеге.

Алтын-күміс, мұнай да жеткілікті,

Талап етер еңбек пен ептілікті.

Тек сол байлық өңделіп, жұмсаларда

Ұмытпасақ болғаны тектілікті.

Хабарламаларға жазылу