«Жырлаймын туған елімді» байқауының кезекті қатысушысы – Мерген Тоқсанбай - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жырлаймын туған елімді» байқауының кезекті қатысушысы – Мерген Тоқсанбай

19.11.2014
«Жырлаймын туған елімді» байқауының кезекті қатысушысы – Мерген Тоқсанбай

«Жырлаймын туған елімді» ақындар байқауының кезекті қатысушысы – Мерген Тоқсанбай. Ол 1988 Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданы, Казгородок ауылында дүниеге келген. Көкшетау қаласындағы «Көкше» академиясының түлегі. Облыстың және республикалық жыр мүшайраларының  жүлдегері.

«Байқауға қатысудағы басты мақсат – маған сенім артқан адамдардың үмітін ақтау. Солар күткен дәрежеден көріну»,-дейді жас ақын.

 

Түнімен тұрған таң асып,

Тобылғы меңді  торым ең.

Сән-салтанатым жарасып,

Сал-серілердің жолымен.

Сары  адырларды бетке алып,

Салқын самалын төске алып,

Ауған бөкендей топталып,

Соңымда қара қос қалып.

Кес-кестеп жолды көлденең,

Бөделерім жорғалап,

Беткейдің желі тербеген

Бетегелерім жол қарап.

Толқытып әнді тулатсам,

Қара домбырамды күйлетіп,

Қарағайларды шулатсам,

Ақ қайыңдарды билетіп.

Қолпаштап терек-емендер

Қол соқса, әрбір жапырақ

Мәртебем қалай төмендер?

Гүлдерін сыйласа, топырақ.

Сусыным қанбай бұлақтан,

Саумалын көлдің сұратсам,

Ағаштай жаңа бүр атқан

Ақ нөсеріңе құмартсам.

Осылай өмір кешсем бір,

Қиялым кері бұрылды

Көшкен дәуренді көксеу бұл,

Сағынып сері ғұмырды.

Тұлпарын мінсем өлеңнің,

Сұңқарын жырдың түлетіп,

Туған топырағым! О, менің!

Өтейін сені жыр етіп!

Өлейін сені жыр етіп!

Хабарламаларға жазылу