17 қараша мен 17 желтоқсан аралығында «Таңшолпан» ақпаратты сазды бағдарламасы жариялаған көрермендер арасындағы «Жырлаймын туған елімді» атты патриоттық өлеңдер байқауы басталды.
Байқаудың алғашқы қатысушысы – Нұржан Мейізханұлы. Ол 1989 жылы 29 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында дүниеге келген. Семей қаласындағы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің түлегі.
Бірнеше облыстық және республикалық жыр мүшайраларының жеңімпазы. Өлеңдері «Шабыт», «Жастықтың оты жалындап», «Шығыс шұғыласы» секілді ұжымдық жыр жинақтарына енген.
«Өмірлік ұстанымым – «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...». Үйдің төрт қабырғасына қамалып отырғанша немесе қаланың қауырт тірлігімен жүре бергенше, анда-санда тауға барып-қайтқанды жақсы көремін»-дейді ақын.
Егемендік мұғжизасы
Елдік болса, қашанда артады ырыс,
Егемендік биіктік болса дұрыс.
Он саусақтай жұмылса, ол – жұдырық
Ортақ Тудың астында ортақ ұлыс.
Тәубе қылып табылса, сұрағаны,
Біздің елдің қарттары қуанады.
Бейбітшілік үніндей берекелі
Бесіктегі сәбидің жылағаны.
Түн мәңгілік болмайды, таң атады,
Күн де нұрын жұлмалап, таратады.
Ерлік – мәңгі, сөз – мәңгі, халық – мәңгі,
Мәңгіліктің тек бізде бар Отаны!
Тұнық болсын, бірлігім тұма сынды,
Болашақтың есігі бұл ашылды.
Бабалардың иісін аңсап жүріп,
Бар қазаққа жаямын құлашымды.
Туған жері тірінің бұл қимасы,
Ал біздің жер бабаның бір мирасы.
Ендігі күн ендеше қазақ үшін,
Егемендік мәңгілік мұғжизасы!