Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жыл соңына дейін үш денсаулық сақтау нысанының құрылысын аяқтау көзделген.
Ильинка кентінде және Досмұхамедов көшесінде 150 адамға арналған 2 БМСК орталығы жұмысын бастайды. Сондай-ақ, психохрониктерге арналған емдеу-өндірістік шеберхананың құрылысын аяқтау жоспарланған.
Бұдан басқа, қала үшін маңызды бірнеше арнайы медициналық мекеме салынуда. 2015 жылы 250 орындық Балалар жұқпалы аурулар ауруханасы пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ, «Железнодорожный» тұрғын алабының солтүстік-шығысында орналасқан 500 орындық туберкулезге қарсы диспансер тапсырылады. Сол жағалауда амбулаториялық-емхана кешені ашылады. Оның ересектер емханасы бір ауысымда 350 адамды, ал, балалар емханасы 150 адамды қабылдауға есептелген.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тағы да бес денсаулық сақтау нысанын жобалау жөніндегі шаралар қолға алынды.