«Шашын он күн тарап, бес күн өрген» қазақ қызының әдемі болып жүруіне сыңғырлаған шолпысы мен шашбауының тигізер әсері ерекше. Біріншіден, зергерлік бұйымдар шаштың өсуіне оң ықпалын тигізсе, екіншіден, басқа массаж жасайды. Сондай-ақ, тіл-көзден сақтайтын қасиеті бар.
Ұлттық мұрамызды насихаттауды мақсат еткен зергер Әмина Шоқпарбаева әшекей бұйымдардың ыңғайлы әрі жеңіл заманауи үлгісін жасайды.
«Қазақта шашқа арналған бірнеше зергерлік бұйым бар. Олар: шашбау, шолпы, шаштеңге және шашқап. Шолпы – бұрымның ұшына қадалатын әдемі зергерлік бұйым болса, шашбау – бұрымның басынан аяғына дейін шашпен бірге өрілетін әшекей. Бұрынғы заманғы шашбау, шолпыларды қарап отырып таңғаламын. Олардың философиясы, мағынасы терең келеді. Менің мақсатым да сол – осы мағынаны жоғалтпай, күнделікті қолданысқа енгізу»,-дейді зергер.
Олардың бұдан басқа үзбелі, көзді, шынжырлы, ақық, маржанды деген түрлері де халық арасында кең тараған. Шолпы салмағының әсерінен шаш ұзын болып өскен. Бұл тұжырым биологиялық тұрғыдан да расталған.
Шаш әшекейлерінің басқа да ерекшеліктерін «Таңшолпаннан» біле аласыздар.