Астанада жыл соңына дейін төрт балабақша тапсырылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада жыл соңына дейін төрт балабақша тапсырылады

31.10.2014
Астанада жыл соңына дейін төрт балабақша тапсырылады

Қазіргі кезде Астанада 2 420 орындыққа арналған 10 балабақша мен бір қосымша ғимараттың құрылысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Астана әкімдігі ресми сайты.

Соның ішінде, Алматы мен Ақмешіт көшелерінің қиылысындағы мектепке дейінгі мекеме пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін әрқайсысы 240 орындық Айнакөл мен Мирзоян көшелерінің қиылысында және Нәжімеденов пен Мирзоян, Айнакөл мен Жұмабаев (200 орындық) көшелерінің қиылысындағы балабақшалар тапсырылады. Ал желтоқсан айында «Рябинка» балабақшасына қосымша 60 орындық ғимараттың құрылысы аяқталады.

Астана қаласы Құрылыс басқармасының хабарлауынша, бірқатар себептерге байланысты қалған алты балабақша келер жылы іске қосылатын болады. Атап айтқанда, Түркістан-Орынбор-№25 және №26 көшелерінің қиылысында орналасқан балабақша инженерлік желілерді тарту орнының ауысуына орай (жобаны түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр) 2015 жылдың екінші тоқсанында ашылады. Түркістан, Керей, Жәнібек хандар мен Орынбор көшелерінің орамындағы, сонымен қатар, Сауран мен № 24 көшенің қиылысындағы балабақшалар мердігер тарапынан кеткен олқылықтарға байланысты (құрылыс мерзімін сақтамау) 2015 жылы желтоқсан айында ғана өз жұмысын бастайды.

Хабарламаларға жазылу