Бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев пен Алматының әкімі Ахметжан Есімовтің қатысуымен индустрияландыру бағдарламасы, оның ішінде бірінші бесжылдықты аяқтау және екінші бесжылдықтың міндеттеріне арналған жиналыс өтті.
Бүгінгі күнге еліміздің барлық дерлік өңірі бойынша ҮИИД Мемлекеттік бағдарламасының негізгі индикаторларының өсуі аңғарылады.
Алматы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 2013 жылы 2008 жылмен салыстырғанда 1,8 есе өсіп, 641 миллиард теңгеге жетті.
Индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 532 миллиард теңгенің 28 жобасы жүзеге асырылуда. Олардың 19-ы қазірдің өзінде іске қосылды, 2871 тұрақты жұмыс орны ашылды. 9 жоба жүзеге асырылуда. Олар 2017 жылға дейін аяқталады.
Әсет Исекешев индустрияландыру саясатын жүзеге асыру аясында қуаттылықтарға барынша салмақ салу, өндірістердің бәсекелестік қабілетін арттыру, кәсіпорындарды модернизациялау, кадрларды даярлау, инвестициялар тарту және инновацияларды дамыту жұмыстары басымдылыққа ие болып қала беретінін атап өтті.
Жиналыс қорытындысы бойынша министр мен қала әкімі 2015 жылға дейінгі келісілген жоспарға қол қойды.