Бүгін Астанада Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде айтыскер ақын Оразалы Досбосыновты еске алуға арналған ақындар айтысы өтеді. Осыған орай айтыскер ақын Сара Тоқтамысова «Таңшолпанда» қонақта болды.
«Оразалы ақынды білмейтін қазақ жоқ шығар. Өйткені, ол кісінің өткір жырлары, тапқыр теңеулері, өткір сөздері әлі күнге дейін бүкіл қазақтың есінде. Биыл ол кісінің өмірден өткеніне 10 жыл болған екен. Осыған орай ұйымдастырылып отырған үлкен шара.
Шараның басы-қасында жүрген біз өзіміз – айтыскер ақындар. Негізі жастар арасында бір айтыс өткізу Балғынбек, Серікзат, Айнұр сынды аға-апаларымыз бұрыннан жоспарлап жүрген. Сонымен, Оразалы ағамыздың 10 жылдығымен тұспа-тұс қатар келіп қалды. 22 қазан күні өткен іріктеу сынында еліміздің түкпір-түкпірінен 26 ақын таңдалды. Ал, бүгінгі өтетін үлкен айтысқа 12 ақын іріктелді»,-дейді ақын.
«Оразалы ақынның орны айтыста болсын, тарихта болсын ойсырап тұр. Біз ол кісінің айтысымен сусындап өстік. Алайда, ақынның ақылы, парасаты, білімі, сабырлылығы, өзгені тыңдай білуі, еңбекқорлығы бөлек әңгіме»,-дейді Сара Тоқтамысова.
«Бірде ақындар Мәскеуге сапарлаттық. Ол кезде пойызбен барамыз. Үш күндік жол. Уақыт өткізу үшін суырып салып айтысамыз, бір-бірімізге өлең арнаймыз. Сөйтіп, бір күні Тынышбай Рахымның «Дүлдүл көңіл» деген кітабы болатын менде. Ойымда ештеңе жоқ, Оразалы ағаға: «Аға, мынаның ішіне бір шумақ өлең жазып беріңізші», дедім. Сонда ағамның жазғаны мынау болды:
Жасырын өскен гүл көріп қойдым даладан,
Кетпей жүр сол сәт санадан
Өтті ғой өмір, өксиді көңіл не шара?!
Базары кімнің басталды білем жаңадан.
Саражан...». Осыдан екі күн өткен соң, қаралы хабарды естідік. Бұл күтпеген жағдай болды біз үшін»,-дейді ақын.
Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көріңіз.