25 қазан күні Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Саринаның «Ән-домбыра – жан серігім жасымнан» атты жеке концерті өтеді. Осыған байланысты әнші «Таңшолпанда» қонақта болды.
«Кеште ұлттық нақыштағы өнер көрсетіледі. Онда ән де, би де, күй де болады. Семей, Қарағанды өңірінен сал-серілер келмек. Кеш барысында солармен ән-айтыс ұйымдастырамыз. Концерт 4 кезеңнен тұрады. Туған бауырым Қалқаман Сарин мен Жұлдызай Ысқақ деген ақынның сөзіне жазылған жаңа әндерім орындалады»,-дейді әнші.
«Туған жерге сағыныш ретінде «Шығысым – шырайлы елім» деген ән жаздым. Ел арасына жақсы тарап кетті. Жақында ауылға барғанда туған ауылым бір мәдени шара өткізіп, сонда менің бұл әнімді хор ретінде дайындап келіпті. Жасы бар, кәрісі бар бірігіп айтты. Кеште осы әнім, сондай-ақ, «Ән-Семей» әні, «Өмір өлшемі» термесі орындалады»,-дейді Гүлмира Сарина.
Әншінің сызылта салған «Жақсы адамдар» әнін «Таңшолпаннан» тыңдаңыз.