Алдағы демалыс күндері қалалық әкімдік алдындағы алаңда дәстүрлі ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткізіледі. Сенбі және жексенбі күндері (27, 28 қыркүйекте) елорда тұрғындары мен қонақтарына Жамбыл және Павлодар облысының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынатын болады. Ал 4-5 қазанда Астанаға Қарағанды және Ақтөбе облыстарының тауар өндірушілері келеді,деп хабарлайды Астана әкімдігі сайты.
Еске салайық, биыл ауылшаруашылық жәрмеңкелері 20 қыркүйекте басталып, 2-ші қарашаға дейін жалғасады. Астанаға бірінші болып Алматы облысының ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілері келді. Олар жәрмеңкеде 450 тонна өнімнің 50-ден астам түрін сатылымға шығарды.
Әрбір өңір жәрмеңкеде өзін жақсы қырынан көрсетуге тырысады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шаралардағы ең бастысы сауда емес, мерекелік көңіл-күй мен еліміздің түрлі өңірінде тұрып жатқан қазақстандықтарды біріктіру болып табылады.