Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Тілдерді дамыту басқармасы, «Руханият» орталығы және Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасы бірлесіп, «Өнер алды - қызыл тіл» атты жас ақындар мүшәйрасын өткізеді.
Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған шара 12 қыркүйек күні сағат 16.00-де «Думан» қонақүй кешенінде өтеді.
Жыр мүшәйрасының басты мақсаты - мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, жастар арасында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту және көпшілікке ұлттық поэзия ізін жалғар өскелең ұрпақтың шығармашылық өнерін жеткізу.
Жыр додасына Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қойшығара Салғара, филология ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Жұмағұлов, «Астана» радиосының редакторы, жас ақын Ербол Алшынбай қазылық етеді.