17 қыркүйек – 6 қазан аралығында «Астана Опера» опера және балет театры «Жібек жолы» халықаралық фестивалін өткізеді. Осыған орай бүгін «Астана Опера» опера және балет театры баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әскербекқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина, «Астана Опера» опера және балет театрының актеры Бақтияр Адамжан «Таңшолпанда» қонақта болды.
«Театр осымен өзінің екінші маусымын ашқалы отыр. Осыған орай біз маусымды жаңа жобамен бастағалы отырмыз. Фестивальге Абай атындағы опера және балет театры, Мариинский театры, Қытай ұлттық опера театры келеді. Фестиваль әйгілі «Тоскамен» ашылады. Одан кейін, «Ромео мен Джульетта», «Біржан-Сара», «Спартак», «Аққу көлі», «Богема» сынды туындылармен жалғаса береді.
Әрқайсысында әлемдік опера және балет өнерінің жұлдыздары қатысады. Тағы бір айта кететін жайт, қазақтың маңдайына біткен бұлбұлы Бибігүл Төлегенованың бенефисі өтеді. Сондай-ақ, жыл сайын фестиваль барысында басқа да әйгілі тұлғаларымыздың бенефисін өткізуді дәстүрге айналдырсақ деген жоспар бар», дейді Салтанат Әскербекқызы.
«Біржан-Сарада» Біржанның анасын сомдайтын Дина Хамзина мен «Спартак» спектаклінде Спартактың рөлін сомдайтын Бақтияр Адамжанның өз рөлдері туралы жеткізген ойларын «Таңшолпандағы» сұхбаттың толық нұсқасынан тамашалай аласыздар.