28 тамызда министр Аслан Сәрінжіповтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің-Елбасының «Өркен» білім беру грантын тағайындау жөніндегі республикалық комиссия отырысы өтті.
Республикалық комиссия Алматы, Қостанай, Талдықорған, Орал қалаларындағы физика-математикалық және Қызылорда, Өскемен қалаларындағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде 2014-2015 оқу жылына іріктеу конкурсының қорытындысын шығарды.
Қабылдау комиссиясының нәтижесі бойынша «Өркен» грантын тағайындау конкурсына 3 005 оқушы құжат тапсырған. Конкурс нәтижесі бойынша 1 403 оқушы шектеулі балды жинаған.
Республикалық комиссия мүшелерінің қарауына шектеулі балл жинаған барлық үміткердің құжаттары мен Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Өскемен, Шымкент қалаларындағы химия-биологиялық және Ақтөбе, Көкшетау, Семей, Тараз, Шымкент қалаларындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 7, 8 сыныптарында білім алу үшін резервтік тізімде тұрған 309 үміткердің құжаттары ұсынылды.
Республикалық комиссия шешімімен 792 оқушы «Өркен» білім беру грантының иегері аталса, 920 оқушы резервтік тізімге енді.