Қазақстандықтар екі апта бойы EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің үздік тұмарына дауыс берді. Дауыс беру www.expo2017mascot.kz сайтында жүргізілді.
Дауыс берудің қорытындысы бойынша, бірінші орында - «Тенгри мен Бөрі» тұмары (3705 дауыс), «Күнсұлу, Бөбек және Ұлан» екінші (3198), «Күнсұлу, Дауылхан және Толқынай» тұмары үшінші орында (3019).
Дауыс беруге жіберілген 7 үміткер комиссиямен іріктелді. Енді комиссия топ жарған үш тұмардың ішінен үздік дизайн-жобаны таңдайды. Конкурс жеңімпазы көрме логотиптерінің барлық корпоративтік стилін әзірлеуге шарт бекітеді және жобаны жалғастыратын болады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жұмыстарды іріктеу барысында тұмардың «Болашақ энергиясы» тақырыбына және Қазақстанның ұлттық мәдениетінің ерекшеліктеріне сай болуы назарға алынды.
Еске салайық, конкурс үстіміздегі жылы мамыр айында басталды. Осы уақыттың ішінде комиссия қарауына Бразилия, Мексика, Венесуэла, Португалия, АҚШ, Германия, Швейцария, Ұлыбритания, Испания, Босния мен Герцеговина, Индонезия және басқа елдерден 80-нен астам жұмыс жіберілді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.