Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Орталық Азия мен Кавказдағы дәстүрлі тоқыма өнері - Ұлы Жібек жолының мұрасы» атты көрме ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Көрмеге Ресей этнографиялық музейінің этнографиялық ескерткіштерінің топтамасы қойылған. Көрменің атауы - керуен шөл даладағы жолдармен асыл заттарды, жібек маталарды, олардан тігілген керемет киімдер мен дәмдеуіштер және есепсіз қазыналарды тасымалдаған Шығыстың Алтын ғасырымен байланысты.
Көрмеге 400-ден астам жәдігер қойылған: құрал-саймандар мен станоктар, киім-кешектер, үй бұйымдары, мініс және жүк артатын жануарлардың керек-жарақ жабдықтары, мата үлгілері, кілемдер мен кестелер, үйлену тойына қатысты заттар, ислам дініне қатысты бұйымдар және т.б.
Экспозиция Орталық Азия мен Кавказ халықтарының дәстүрлі мәдениетіндегі тоқыма өнерінің орнын және қолдану аясын сипаттайды.
Тоқыма өндірісінің технологиясы мен оның тұрмыста қолданылуы ғана емес, сонымен қатар сол замандағы тарихи мәселелер мен қоғамдық қарым-қатынастарды кеңінен сипаттайтын көрмемен аттас каталог шығарылды.
2014 жылдың 3-шілдесінде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Ресей этнографиялық музейі басшылары әріптестік туралы меморандумға қол қойған. «Орталық Азия мен Кавказдағы дәстүрлі тоқыма өнері - Ұлы Жібек жолының мұрасы» атты көрме - Қазақстан мен Ресейдің екі ірі музейінің арасындағы алғашқы бірлескен жоба.
Көрме Ұлттық музейдің 1-қабатына орналасқан. 2014 жылдың 1 қыркүйегіне дейін созылады.