Новосібір журналистері Астанаға қонаққа келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Новосібір журналистері Астанаға қонаққа келді

08.07.2014
Новосібір журналистері Астанаға  қонаққа келді

Астана күніне орай елімізге Ресейдің Новосібір қаласынан қалалық қоғамдық «Школа роста» мекемесінің журналистері қазақстандық әріптестерімен тәжірибе алмасуға келді.

Олардың қатарында Новосібір қалалық қоғамдық «Школа роста» мекемесінің президенті, «Пресс-тур» жобасының жетекшісі Анжелика Засядько, Новосібір қалалық қоғамдық «Школа роста» мекемесі бағдарламасының координаторы Екатерина Гучек, «Пресс-тур» жобасының менеджері Юлия Акиньшина, жоба журналисі Марина Сирота және оператор Ольга Никонова бар.

Қонақтар алғашқы күні «Аялаған Астана» конкурсының дайындығын, өту барысын толықтай тамашалап, келген қонақтардан сұхбат алған. Сондай-ақ, мерекенің алғашқы күндерінде «Көшпенділер ауылында» болып, көшпенділердің өмірінен, дәстүрінен хабар беретін ұлттық қойылымдарды тамашалаған.

«Қазақтың батырларын еске түсіретін еңгезердей жігіттерді көрдік. Ұлттық тағамдарыңыздан, қымыздан дәм таттық. Сонымен қатар, «Бәйтерекке» барып, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры алдында қойылған 4D шоуды көріп таң-тамаша болдық. Тағы бір ерекше әсер еткені - Есілдің бойында өткен классикалық музыка кеші. Өзен баяу ағып жатқанда көкте қалықтаған  әсем әуен адамға әсерлі естіледі екен. Дәл осындай өзен үстінде орналасқан сахна бізде де бар. Бірақ, онда классикалық музыка емес, батыс стиліндегі жастар тыңдайтын әуен шырқалады. Біз елге барған соң бұл тақырыпты қозғамақпыз»,-дейді «Пресс-тур» жобасының жетекшісі Анжелика Засядько.

Қонақтар сонымен қатар, бірқатар ақпараттық агенттік, журнал, телеарналарға барып, әріптестерімен де кездесті.

«Біз Астанадағы «АЛЖИР» лагерінде болдық. Ендігі жоспар «ҚарЛАГ»-қа бару. Сосын Теміртаудағы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мұражайына да соқпақшымыз. Ал, Саран қаласында қазақ тілі туралы әңгіме өрбітіп, ұлттық тағам түрлерін, оның ішінде бауырсақты өзіміз пісіріп көрмекпіз»,-дейді жоба жетекшісі.

Айта кету керек, жалпы «Пресс-тур» жобасы осы жылдың көктемінде пайда болған. Саяхатшы журналистерге арналған жобаның мақсаты - әр елдің, салт-дәстүрі, тыныс-тіршілігімен танысу. Алғашқы сапар Польшаның «Басқа әлем» жастар журналының бастамасымен  Варшавадан бастау алған.

Екінші сапарды Ресейде қазақстандық жастар көп болғандықтан, Қазақстанға арнапты. Енді  олар Тәжікстан, Армения, Беларусь, Сібірге де барып, тәжірибе алмаспақ.

Хабарламаларға жазылу