Шымкентте жаңа спорт кешені ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте жаңа спорт кешені ашылды

01.07.2014
Шымкентте жаңа спорт кешені ашылды

 

Астана күні мерекесіне орай Шымкент қаласы Қажымұқан атындағы орталық стадион аумағында кезекті заманауи жоғары спорт шеберлігі мектебінің әкімшілік ғимараты мен оқу-жаттығу спорт кешені ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысып, спортшыларды құттықтады. деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған нысанның құрылысы 2013 жылдың наурызында басталып, оған облыс бюджетінен 792 миллион теңге қаржы жұмсалды. Төрт қабаттан тұратын бұл ғимаратта 400 көрерменге арналған зал, волейбол, баскетбол, қол добы сынды спорт түрлеріне арналған ойын алаңдары мен күрес, бокс секциялары заманауи жабдықталған.

10, 25, 50 шаршы метрлік оқ ату галереясы швейцариялық электронды қондырғыларымен қамтылған. Бұл - Орта Азия елдерінде теңдессіз тир-залы. 

Жалпы, облыстық кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі олимпиадалық спорт ойындарының 9 түрінен спортшылар дайындайды. Атап айтқанда, мұнда спорттың баскетбол, бокс, жеңіл атлетика, велоспорт, спорттық гимнастика, мылтық ату, қабырғаға оқ ату, садақ ату және таэквондо түрлерінен бөлімдер ашылып, жұмыстар жүргізуде.

Жарты ғасырдан астам тарихы бар осы жоғары спорт шеберлігі мектебі Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген 9 спорт шеберін, 108 Халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 500-ге жуық спорт шеберлерін тәрбиелеген.

Мектепте еңбек еткен 41 жаттықтырушы Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағын иеленген. Бүгін осы спорт кешенінде Астана күніне арналған облыстық спорт мектептері  арасында спартакиада басталды. 

Хабарламаларға жазылу