Астанада саяси қуғын-сүргін тақырыбына арналған көрме ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада саяси қуғын-сүргін тақырыбына арналған көрме ашылады

30.05.2014
Астанада саяси қуғын-сүргін тақырыбына арналған көрме ашылады
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарынеске алу күніне орайластырылған «Халық қасіреті және тарих тағылымы» атты кітап көрмесі және Алмас Сырғабаевтың «Ұлы дала тарихы» атты көркемсурет көрмесі ашылады. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президентінің музейі хабарлады, деп мәлімдеді astana.kz.
 
Көрмеге ҚР ҰАК қорынан Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін тақырыбына арналған 200-ге жуық кітап-журнал, жинақтар және отандық суретші Алмас Сырғабаевтың 30 еңбегі қойылды.
 
Суретшінің «Қара орамал», «Жанталас», «Қаралы көш», «Мұңлы әуен» атты картиналары мен Алашорда өкілдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев пен басқаларының портреттерінен сол жылдардағы қайғы-қасіретті, адамдардың өмірге құштарлығын және қайтпас қайсарлығын көруге болады.
 
Бұдан басқа көрмеге келушілер суретшінің плакаттық жанрда компьютерлік графикамен салынған «Астана  бейбітшілік қаласы» атты туындыларымен таныса алады.
 
Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық туралы әр адам білуі керек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кітап пен көркемсурет көрмелері 1-ші шілдеге дейін өтеді және оны тамашалау үшін елорда тұрғындары мен қонақтарын Ұлттық академиялық кітапханаға шақырады. 

Хабарламаларға жазылу