Тәжікстан президентінің қызы Озода Рахмонова әкесінің жолын қуып, тегіндегі орысша «ова» жалғауын алып тастады. Бұл туралы «Азия-Плюс» хабарлады.
Президенттің қызы жұмыс істейтін сыртқы істер министрлігінде (Озода министрдің орынбасары) оның есімі Рахмон Озода Эмомали деп жазылған.
Тәжікстан президентінің өзі тегін ұлттық мүддеге сай өзгертуді 2007 жылы қолға алған болатын. Рахмоновтан Рахмонға көшкен ол бұны «мәдени түп-тамырға қайта оралу» деп түсіндірген. Сол кезде мемлекет басшысының бастамасын бірталай шенеунік құп көріп, тегін өзгертті. Атап айтқанда, СІМ басшысы Хамрохон Зарипов алғашқылардың бірі болып тегінен «овты» алып тастады.
2014 жылы Тәжікстанның бас прокуроры Шерхон Салимзода көптеген адамның тегін ұлттық сипатта жазуға құлықсыз екенін сынға алған соң «ов» пен «евтен» бас тартушылар көбейе түсті деп жазады дереккөзі.