Түркия: Сома қаласында болған шахтадағы жарылысқа байланысты тәртіпсіздіктер басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркия: Сома қаласында болған шахтадағы жарылысқа байланысты тәртіпсіздіктер басталды

15.05.2014
Түркия: Сома қаласында болған шахтадағы жарылысқа байланысты тәртіпсіздіктер басталды
 
Соңғы мәліметтер бойынша, Түркияның Сома қаласында жергілікті шахтадағы жарылыстан 274 кеншінің қаза табуына байланысты тәртіпсіздіктер басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
 
Тәртіпсіздікке қатысушылар үкімет басшысы Реджеп Тайип Эрдоғанға наразылық білдірген. Оны ұры, кісі өлтіруші деп атаған.
 
Наразылыққа шығып, Әділеттілік және даму партиясының аймақтық бөліміне бет алғандардың алдына тәртіп сақшыларының тосқауылы қойылды. Сонымен бірге, ол жерге суатқыштар да шақырылған.
 
Полиция қызметкерлерінің газ тұмылдырығын киіп алғандары да байқалған. Алайда олардың арнайы құралдарды қолданғаны туралы ақпарат келіп түскен жоқ.
 
Осыған дейін түрік басылымдарында көш басындағы Әділеттілік және даму партиясының депутаттары осы жылдың сәуір айында Сома маңындағы көмір шахталарының бірқатарында, соның ішінде жарылыс болған жерде қауіпсіздікті сақтау ережелерін тексеру туралы өтінімді қабылдамағаны жөнінде ақпарат шыққан.
 
Шетелге сапарын шегеріп, Сомаға барған Эрдоған осы жағдайға байланысты айыптылардың бәрі жазаланады, деп уәде берді. Қазіргі уақытта 400-ге жуық құтқарушы аман қалғандарды іздестіруде. 
 
Естеріңізге сала кетейік, 12 мамыр күні Сома түбіндегі шахтада жарылыс болды. Қазіргі уақытта 274кеншінің қаза болғаны туралы ақпарат расталды.
 
Шахтадағылардың көбі улы газдан тұншығып, қазақ тапқан. Жарылыс кезінде оқиға орнында барлығы 790-ға жуық жұмысшы болған. Олардың ішінде әзірге жартысынан азын ғана құтқару мүмкін болды.
 

Хабарламаларға жазылу