БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Нигерияда ұрланған оқушы қыздарды босатуды талап етуде

10.05.2014
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Нигерияда ұрланған оқушы қыздарды босатуды талап етуде
Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесі Нигерияда 14 сәуір күні ұрланған 250 оқушы қызға қатысты мәлімдеме жасады.  Аталған ұйым  «Боко Харам» тобы оқушы қыздарды ұрлады деп айыптап, оларды дереу босатуды талап етуде, деп жазады «Азаттық».

БҰҰ ҚК мәлімдемесінде оқушы қыздарға қатысты жағдайды мұқият зерттеп, «Боко Харам» тобына қарсы тиісті шара қолдану қарастырылатыны айтылған. Қауіпсіздік кеңесі «Боко Харам» басшыларының «оқушы қыздарды құлдыққа сату туралы мәлімдемесіне байланысты алаңдаушылық танытып, қыздардың барлығын ешқандай шартсыз, дереу босатуды» талап еткен.

Естеріңізге сала кетейік, Нигерияның солтүстік-шығысында шалғайда орналасқан Чибок елді мекеніндегі мектептен 14 сәуір күні 250 оқушы қызды ұрлап кеткен «Боко Харам» исламшылдар тобы «қыздарды құлдыққа сататыны» туралы мәлімдеме жасаған еді. БҰҰ бұл оқиғаға кінәлілер «соғыс қылмыскері ретінде қудаланатынын» ескерткен.

Ал бұған дейін АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Қытай сияқты бірнеше мемлекет Нигерия үкіметіне  ұрланған оқушыларды табуға көмектерін ұсынған. Жұма күні Нигерия президенті Гудлак Джонатан «қыздар әлі ел аумағында» деп мәлімдеді.
 
Бұған дейін қылмыскерлер ұрлаған қыздарды көрші Камерунға өткізіп жібермек деген ақпарат айтылған еді.

170 миллион тұрғыны бар Нигерияда халықтың жартысы мұсылман, қалған жартысы христиан дінін ұстанады. «Боко Харам» тобы елде ортағасырлық үлгідегі ислам халифатын құруды көксейді.
 

Хабарламаларға жазылу