Астанада қоғамдық көлік жолақысы 100 теңге болуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада қоғамдық көлік жолақысы 100 теңге болуы мүмкін

08.05.2014
Астанада қоғамдық көлік жолақысы 100 теңге болуы мүмкін
Астанада қоғамдық көлік жолақысы 100 теңгеге көтерілуі мүмкін. Бұл туралы astana.gov.kz қаланыңЖолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Әбдіхамит Тамабаевқа сілтеме жасап хабарлады.
 
Қазіргі уақытта Астанада қоғамдық көлік саласында 8 компания жұмыс істейді, олар 50 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Автопарктерде 890 автобус бар, күн сайын линияға 734 автобус шығады. 2008 жылдан бері 406 автобус сатып алынды, бірақ бүгінде қалыптасқан жағдайда қоғамдық көліктер жүктемені орындай алмай отыр.
 
Айта кетейік, бүгінде елордада 250 жүргізуші жетіспейді. Тасымалдаушылар оларға тиісті жалақыларын бере алмай отыр. Бұл ретте қоғамдық көліктегі бір реттік жолақы құны - 60/65 теңге 2008 жылдан бері өзгеріссіз қалып келеді. Тасымалдаушы кәсіпорындар «Бұл саланы дамытуға және жылжымалы құрамды күтіп ұстауға жұмсалатын шығындарды жаппайды» деп шағымдануда.
 
Дереккөзінің хабарлауынша, Жолаушылар көлігі кәсіпорындарының өтінішімен мемлекеттік мекемелердің, Астана қаласының мәслихатының, «Pricewaterhouse Coopers» ұйымының, «Астана қаласы бойынша өңірлік кәсіпкерлер палатасының» және «Iлтипат» қоғамдық бірлестігінің өкілдерінен құрылған арнайы Жұмыс тобы ұсынылған тарифтерді қарап шыққан.
 
Осы есептеуден кейін Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Әбдіхамит Тамабаев: «ҚР Көлік және коммуникация министрлігі бекіткен тарифтерін есептеу әдістемесіне сәйкес, қалалық қоғамдық көліктің (экспресс маршруттар мен таксиден басқа) тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін жолаушының қоғамдық көлікпен жүруінің бір реттік жолақысын ересектер үшін 100 теңге, ал балалар үшін 40 теңге (ересектер билетінің бағасының 40%), көлемінде белгілеу қажет деп санаймыз. Астана қаласы мәслихатының шешімімен айқындалған жеңілдікті азаматтардың жол жүру тәртібі (төлемсіз) өзгеріссіз қалады», - деп мәлімдеді.
 

Хабарламаларға жазылу