10 мамырда Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында театр және кино актері Асылболат Смағұловтың шығармашылық кеші өтеді.
Асылболат Смағұлов – қазақ театр және кино өнеріндегі сан қырлы талант иесі. Актерлік өнерден қолы босағанда сурет салумен айналысады. Отандық телеарналарда бірнеше бағдарлама жүргізген.
Біздің анықтама:
Асылболат Смағұлов 1951 жылы 18 ақпанда Солтүстік Қазақстан облысы, Бостандық ауылында дүниеге келген. 1969 жылы Алматы қаласы Құрманғазы атындағы өнер институтының театр бөлімінде, ҚР Халық әртісі Хадиша Бөкееваның шеберханасына қабылданып, 1973 жылы театр актері мамандығын алып шығады.
1973-1998 жылдары С.Қожамқұлов атындағы Торғай облыстық қазақ музыкалық драма театрының актері болып қызмет атқарған.
Астана қаласының Мәдениет басқармасында, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрында қызмет атқарған актерге 1987 жылы «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» берілді.
1989 жылы Бішкек қаласында өткен Театр фестиваліне Ғ. Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спектакліндегі Бекежан рөлін сомдап, Гран-при иегері атанды.
1994 жылы Жезқазған қаласында өткен Республикалық фестивальде А.Әбішевтің «Сәкеннің аманаты» спектаклінде С.Сейфулиннің рөлі үшін «Гран-при» жүлдесін жеңіп алды.
2003 жылы Көкшетау және Орал қаласында өткен Республикалық фестивальде С.Жүнісовтің «Махамбет» спектаклінде Махамбет рөлі үшін «Гран-при» жүлдесін жеңіп алды.