Ғарыш және ғылым қызметкерлерінің күніне орай Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде (ҚазИИТУ) ресейлік ғалымдардың қатысуымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік online-конференция өткізілді.
Шара аясында аталмыш ғылым-білім кешенінде «Дубна» тұрақты даму ғылыми мектебі ашылды.
Ғылыми-практикалық конференцияға интерактивті режимде Ресей ғылым академиясының академигі, «Дубна» қоғам және адам табиғаты халықаралық университетіндегі тұрақты инновациялық даму кафедрасының меңгерушісі Б.Большаков, Иванов мемлекеттік университетінің оқытушысы, психология ғылымдарының докторы А.Турчин, техника ғылымдарының докторы, профессор, Ю.Гагарин атындағы ғарышкерлерді даярлайтын ғарышкерлік ғылыми орталығының ғылыми бөлім жетекшісі А.Курицин қатысты.
Оралда форум жұмысына ғарыш тақырыбы бойынша журналист-зерттеуші В.Полетаева, «Дубна» университеті тұрақты инновациялық даму кафедрасы меңгерушісінің орынбасары Е.Шамаева және басқалар белсенді атсалысты.
ҚазИИТУ ғылым-білім кешенінің президенті, Ұлттық инженерлік академияның академигі Ақсерік Әйтімов өз сөзінде жоғары оқу орны ғалымдары мен ресейлік әріптестер арасындағы көпжылдық тарихы бар жемісті әріптестік 2017 жылы Қазақстанда өткізілетін EXPO халықаралық көрмесі қарсаңында ерекше мәнге ие екендігін атап өтті.
Форум барысында жаңа ғасыр мамандарын даярлаудағы күрделі ғылымның маңызы, облыста жаңа инновациялық технологияларды зерттеу мен жасап шығару, инженерлік білімді ақпараттық және бағдарламалық қамтамасыз ету, ғаламдық және өңірлік аспектідегі жаңа бағыт ретінде саналатын жасыл экономика, сондай-ақ «Табиғат-қоғам-адам» жүйесіндегі тұрақты инновациялық даму туралы мәселелер қызу талқыға түсті.