Несие борышкері атанған аграрлық фирмаларды банкроттау керек – Н.Назарбаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Несие борышкері атанған аграрлық фирмаларды банкроттау керек – Н.Назарбаев

11.04.2014
Несие борышкері атанған аграрлық фирмаларды банкроттау керек – Н.Назарбаев
Бүгін Ақордада Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ауқымды несиелерді жинақтаған аграрлық сектордың кәсіпорындарын банкротқа ұшыратуды талап етті.
 
«Жыл сайын егіс науқаны мен егін орағы кезінде аграрлық секторда нашар несиелер жиналады. Барлығы қомақты сома. Борышкер ретінде төрт ірі компания белгілі болып отыр. 800 миллиард теңге төрт компанияға тиесілі. Атап айтқанда, осылардың жартысын банкроттауға болар еді, яғни екі компанияны. Әлемдегі бизнес осылайша жұмыс істейді», - деді Мемлекет басшысы.
 
Президенттің сөзіне қарағанда, бұндай компанияларға басқа инвесторлар, жақсы менеджмент келуі тиіс. Канада мен АҚШ-та миллиондаған компаниялар банкротқа ұшырап, миллиондаған жаңа компаниялар құрылып жатыр және бұл қалыпты үдеріс.
 
«Бізде осы күнге дейін халық несиені қайтару керек екеніне үйрене алмай келеді. Алайда, қарызды қайтару керек! Бұл заң!», - деп атап өтті Н. Назарбаев.
Сөз соңында Елбасы Үкіметке аграрлық саладағы борышкерлер мәселесін шешуді тапсырды.
 

Хабарламаларға жазылу