Енді Ақтауда митингілер, шерулер, пикеттер, демонстрациялар өткізілетін арнайы орындар болады.
«Өткізу орындары төртінші, бесінші шағын аудандар арасындағы саябақ пен бесінші шағын аудандағы М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының акт залы болып анықталды. Бір ғимарат жабық, екіншісі ашық аспан астында болмақ. Аудандарда да осындай орындар болуы тиіс», - деді қалалық мәслихат сессиясында Ақтау ішкі саясат бөлімінің басшысы Бисенғали Кенжалиев.
Мәслихат депутаттары ұсынылған тізімді бекітті, сондай-ақ бейбіт жиналыстар, шерулер, пикеттер, демонстрациялар өткізу тәртібін регламенттеді. Барлық құжаттар әділет органдарына мемлекеттік тіркеуге жіберіледі. Оны алғаннан кейін ақпарат БАҚ-та жарияланатын болады.