Қарағандыда ақын Руслан Нұрбайдың жыр кеші өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда ақын Руслан Нұрбайдың жыр кеші өтті

28.02.2014
Қарағандыда  ақын  Руслан Нұрбайдың жыр кеші өтті

Бүгін Қарағанды қаласындағы «Шалқыма» концерт залында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын  Руслан Нұрбайдың «Бөрі-өлең тұр, болмыстың көшіне ұлып...» атты жыр кеші өтті.

Кеш шымылдығын Алашқа танымал ақын Серік Ақсұңқарұлы ашты. Сондай-ақ, айтыскер ақын Аманжол Әлтаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов, ақындар - Дәурен Берікқажыұлы, Серік Сағынтай, Қайрат Асқаров, Қуаныш Медеубаев өлең оқып, ақжарма тілектерін білдірді. Өнерсүйер қауымды отты жыр һәм әуезді ән-күйге бөлеген кеште Руслан Нұрбайдың «Ар-Рух» кітабының тұсауы кесілді. 

Осы шара үстінде сөз зергері Аманжол Әлтаев және «Болашақ» университетінің баспасы Руслан Нұрбайдың келесі кітабын шығаруға қолдау көрсетуге әзір екендіктерін мәлімдеді.

Тағы да белгілі болғаны, биылғы көктемде ақынның жыр кеші Алматыда  М.Әуезов атындағы  театрда өткізілмекші.

Біздің анықтама:

Руслан Нұрбай 1974 жылы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Ыстыбұлақ ауылында дүниеге келген. 1998 жылы академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін тәмамдаған.
 2001 жылдан бері Жазушылар Одағының мүшесі. 2003 жылы Халықаралық «Шабыт» фестивалінде І орын иеленген. Өлеңдері Қарағандыда жарық көрген бірнеше жинақтарға: «Қалам құдіреті» әдеби альманағына, «Дүниеге келер әлі талай Қасым», «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ» топтамаларына енген.
Қазіргі таңда  ол «Қазақстан» РТРК АҚ қарасты Қазақ радиосының Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі.
 

Хабарламаларға жазылу