Үкіметтік байланыстың «GCHQ» британдық орталығы, яғни электрондық барлау «Оптикалық жүйке» бағдарламалық кодын пайдаланып, осы арқылы «Yahoo» корпорациясы онлайн-чатын пайдаланушылардың веб-камерасы түсірген бейнелерді жинақтаған. Бұл туралы «Guardian» газеті хабарлады.
Басылымның мәліметінше, «GCHQ» АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік агенттігінің қолдауымен 2008-2010 жылдарда бейнелерді түсіріп, сақтап отырған. Тек жарты жылдың ішінде барлаушылар «Yahoo» чатын пайдаланушылардың 1,8 миллион сұлбасын қамтып үлгерген.
Өз кезегінде корпорация аталған тыңшылық шаралары туралы білмегенін және оны (егер де баспасөз мәліметі расталып жатса) өрескел іс-қимыл деп бағалады.
Сонымен қатар Үкіметтік байланыстың британдық орталығы өздерінің қызметтері тек заңнамаға сәйкес жүзеге асырылып жатқандығын алға тартуда.