Математик Мұхтарбай Өтелбаев әлемді мойындатпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Математик Мұхтарбай Өтелбаев әлемді мойындатпақ

26.02.2014
Математик Мұхтарбай Өтелбаев әлемді мойындатпақ
Мыңжылдықтың ең күрделі математикалық тапсырмасын шешкен Мұхтарбай Өтелбаев өзiн әлемге мойындату жолында жұмыс жасап жатыр. Бұл туралы бүгiн Астанада ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнiң баспасөз мәслихатында Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов мәлiм еттi.
 
«Ол математиканың осы бағытында көптен берi жұмыс жасап келедi. Өтелбаев әлемдiк математика қауымдастығында өте беделдi ғалым. Ендi оның шешкен жаңалығын жариялау керек, математикалық қауымдастықтың рецензиясын алып, оларды мойындату қажет. Сондықтан қазiр өтіп жатқан екiншi кезеңде ол ендi математикалық теңдеудi шешкендiгiн дәлелдеуi тиiс», - дейдi Е.Сыдықов.
 
Айта кетейiк, 2013 жылдың соңында астаналық профессор Мұхтарбай Өтелбаев «мыңжылдық проблемаларының» қатарына жататын ең күрделі жеті математикалық тапсырмалардың бірін шешкен болатын.
Оған дейін осындай жетістікке Пуанкаре гипотезасын дәлелдеген Григорий Перельман ғана қол жеткізген.
 
Профессор, ҚР ҰҒА физика-математика ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Еуразиялық математика институтының директоры Мұхтарбай Өтелбаев «Новье-Стокс теңдеулерінің мықты шешімінің болуы» атты еңбегін аяқтап, басылымда жариялады. Қазiргi уақытта ол еңбек ағылшын тiлiне аударылуда.
 
Бұл есептің маңыздылығы сол, «мыңжылдықтың проблемасы» деп аталатын 7 ең күрделі математикалық есептің қатарына енген. Айта кетейік, осы проблемалардың әрқайсысын шешкендер үшін деп Клэй математикалық институты 2000 жылдың басында 1 миллион АҚШ долларын бәйгеге тіккен болатын. Қазіргі уақытта мыңжылдықтың жеті проблемасының тек біреуі ғана (Пуанкаре гипотезасы) шешімін тапқан. Оның иесі - Григорий Перельман, ол Филдс сыйлығына ие болған.

Хабарламаларға жазылу