Әлемдегі ең күрделі есепті қазақ ғалымы шешті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемдегі ең күрделі есепті қазақ ғалымы шешті

12.01.2014
Әлемдегі ең күрделі есепті қазақ ғалымы шешті

Дүниежүзінде балалардың жүректері дауаламайтын бір пән болса, ол - математика. Һәм дүниежүзінде ең көп оқылатын сабақ та математика. Өйткені, есеп-қисап бірінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін оқытылады.

 
Дегенмен, сол математиканы он жыл оқып-тоқығандардың тек бір пайызы ғана осы салаға бет бұрады екен. Бірақ, бір пайызының өзі жетіп жатыр, шетінен жаһандық ғылымда төңкеріс жасағандар.
 
Қарапайым мысал. Нобель сыйлығын экономика саласы бойынша алғандардың талайы математиктер, дейді. Ал, біздегі математиктердің халі қалай?
 
Асқар Жұмаділдаевты білесіз. Сол академик айтады. «Астанадағы аумағы 180 шаршы метрлік үйде болдым. Бірақ, онда ғалым емес, бизнесмен тұрады», дейді. Сөзінің жаны бар. Талай халықаралық байқауларда жеңіске жеткен, математиктеріміз шетел асты.
 
Өйткені, оларды жылтырақ медальдармен алдаусырата алмаймыз. Үй-жайын жасай алмадық, ынталандырмадық. Алайда, мақтау-марапатсыз да қазақтың ғылымы үшін тер төгіп жүрген таланттарымыз бар.
 
Осы бір-екі күнде сүйінші хабар алдық. Астаналық профессор Мұхтарбай Өтелбаев әлемдегі ең күрделі жеті математикалық есептердің бірін шешті. Мың жыл бойы «мен» деген математиктердің өресі жетпеген, тісі батпаған есепті шешу 71 жастағы ақсақалға оңайға түскен жоқ.
                                       
Марғасқа ұстаз маң-маң басып келеді... Жеделсатының жұмыс істемей тұрғанына мән бермейді. Талап та етпейді. Өрімдей студенттердің өзі «неге бұлай» деп жатқанда, бұл кісіде үн жоқ. Төртінші қабатқа мініп-түсіп жүре береді.
 
Мұқтарбай Өтелбаев, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі:
Қарттық келгенде қақаңдайды, біреулер босаңдайды. Тіпті былжырап кетеді. Содан қорқамын.
 
Күнделікті тірліктің тауқыметі оған қызықсыз... Оның өз әлемі бар. Өзгелерге түсініксіз, бірақ өзі үшін ғажап есеп әлемі...
 
Есеп білмесең, есең кетеді, есең кетсе, еңсең түседі. Тура осы теңдеу оның 40 жылғы тыныштығын алды. Жанын жегідей жеді. Күн демеді, түн демеді. Ақыры сол түндердің бірінде есептің жауабын тапты.
 
Мұқтарбай Өтелбаев, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі:
Шығара алмаймын ғой деп жатқанда, ойыма сап ете қалды. 10 минутта барып, жазып тастадым.
 
Әлемде мыңжылдықтың проблемасы аталатын 7 күрделі есеп бар. Талай ұлы математик оны шеше алмай арманда кеткен. Дәл қазірдің өзінде әлемнің 1500-дей ғалымдары осы теңдеуді шешіп, бас қатыруда.
 
Жетеудің біреуі - Пуанкаре гипотезасын - ресейлік атақты Перельман шешті. Ал енді «Новье-Стокс» теңдеуінің жауабын табу - қазаққа бұйырған сынды. Отандық математиктер мойындады, ресейліктер есептің дұрыс-бұрыстығын тексеріп жатыр, содан кейін барып әлем математиктерінің назарына ұсынылады. Оның өзіне бір жыл уақыт кетеді екен.
 
Мұқтарбай Өтелбаев, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі:
Шетелге бірден жіберсең, жатып қалады. Кейбіреулер көріп қалады да, орынсыз талас басталады да кетеді.
 
Клэй математикалық институты осы есепті шешкен адамға 1 миллион доллар сыйақы тікті. Жағдайы жұпыны Перельманның ақшаны алмағаны естеріңізде шығар. Ал біздің ақсақал ол ақшаның елге келгенін қалайды.
 
Мұқтарбай Өтелбаев, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі:
Бір теңге болса да, Қазақстанға келгенін қалаймын. Үйдегі отбасым келіссе, оны жетімдерге немесе мұражайға беріп тастаймын.
 
Ол - бала сияқты аңғал, жаны да тым таза. Өзі өлең жазған. Математик пен ақында табиғи ұқсастық бар, дейді.
 
Мұқтарбай Өтелбаев, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі:
Әлбетте екеуінің де фантазиясы мықты. Фантазия үздіксіз ұмтылыс. Жаңалыққа құмарлық керек.
 
Ол - есепке жүйрік Ұлы математик. Сөйте тұра, дүкенге барғанда, алданып қалады екен.
 
Мұқтарбай Өтелбаев, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі:
Ия, дүкенге барғанда алданып қаламын. Есептемей, жүре беремін. Не берсе, соны алып.
 
Ол - ешқашан байлық жимаған. Қарапайым тірлікті қанағат тұтады. Кейбіреулер сияқты «жоқ» деуді жек көреді. Жоқ десең жоғаласың, бар десең бар боласың. Сәттіліктің формуласы сол, - дейді математик.
 
Мұқтарбай Өтелбаев, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі:
Қанша алатынымды айтпаймын. Кемпірім мен қызыма жетпей қалады. Қанша тапсам да жетпейді. Өзі солай екен.
 
Әлдекімдер ұлтшылмын, деп ұрандайды. Бірақ, соның ұлты үшін бітірген бірде бір пайдалы ісі жоқ - деп кейиді ақсақал... Ал ол - ол - үндемей жүріп-ақ, үлкен істі тындырып, ұлтына деген сарқылмас махаббатын білдіріп жүреді...
 
Мұқтарбай Өтелбаев, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі:
Докторлық диссертацияны қазақ тілінде жазғызып жүрмін. Диссертацияның пайдалылық коэффиценті жоғарыласын деймін ғой. Қазақ тілін жақсырақ меңгеріп, қазақ тілінің қалыптасуына математикалық терминологиясы қалыптасуына үлес қосады, деп білемін.
 
Оның бойы - тұнып тұрған позитив. Сол себептен болар, өмірінде сәтті сәттер аз болмады. Жеті сыныптық білімі болды. Трактор айдай жүріп, алгебралық теңдеулерді жатқа соқты.
 
Еш жерде толыққанды білім алмаған ол, МГУ-дың төртінші курсына бірден қабылданып, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Қазақтың ішінде тұңғыш рет математикадан докторлық диссертация да қорғаған да осы кісі. Ол оқуын бітіргенде, ресейлік ғалымдар, Мәскеудің қақ төрінен пәтер ұсынып, профессор болып қалуын өтінді. Бірақ, математик көнбеді, елге қайтты...
 
Тынысбек Қалменов, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі:
Осыншама білім жинадым. Одан өз қазақтарыма алған білімді үйретейін деді.
 
МГУ-дың ректоры Садович МГУ-дың Астанадағы бөлімін осы Мұқтарбай аға үшін ашыпты, деп есіттік. Рас болып шықты. Оның білімі мен адами қасиетін бағаласа керек-ті. Расында, ол шыншыл, табиғи. Жасандылықты жаны сүймейді.
 
Мұқтарбай Өтелбаев, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі:
Кейде есеп шығарудан жалығып кеткенде, қолым босай қалса, ыдыс жуамын, үй сыпырамын. Істеме десе де, ойымның бөлінуі үшін істеймін.
 
Қара шал алаңдайтын жалғыз ғана нәрсе бар...
 
Мұқтарбай Өтелбаев, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі:
Қалаға көшіп жатыр. Халқымыз көшсе, облыстарда 1 миллион адам шоғырланар. Мақал бар: «Природа не любит пустоты» деген. Ол жер бос қалмайды. Кім келеді? Осы мені қатты толғандырады.
 
Әдебиетте Мұхтар Әуезов, Мұхтар Мағауин, Мұхтар Шаханов... Спортта Мұхтархан Ділдәбеков, ал математикада МҰҚТАРБАЙ ӨТЕЛБАЕВ... Қазақтың топ жарған осы бір есімі - қазақ үшін киелі, аяулы, құтты. Ия, Ұлыларда көрінбейтін қанат бар секілді, аты бүкіл әлемді шарлап кетеді.
 
Дина ТӨЛЕКОВА

Хабарламаларға жазылу