Бокстан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Иван Дычко шаршы алаңға көктемде оралады. Бұл туралы Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзғали Айтжанов мәлімдеді.
«Әзірге Дычко жарысқа қатысып жүрген жоқ. Бірақ құрама сапында жаттығады. Сәуірдің аяғы мен мамырдың басында жарысқа қатыса бастайды», - деді маман.
Кореяның Инчхон қаласында өтетін Жазғы Азия ойындарына Ұлттық құраманы дайындап жатқан Мырзағали Айтжанов аса ауыр салмақта ешқандай проблема болмайтынын айтады.
«Аса ауыр салмақта Иван Дычкодан басқа Жан Кособуцкий мен Нұржан Бекзатов бар. Сонымен қатар бірқатар жастар өсіп келеді» , - дейді бас бапкер.
Естеріңізге сала кетейік, бокстан Әлем чемпионатында аса ауыр салмақта шаршы алаңға шыққан Иван Дычко екі раунд қорытындысы бойынша әзірбайжандық Магомедрасул Меджидовті жеңіп тұрып, үшінші раундта нокаутқа түскен еді. Сол кезде мамандар қазақстандық боксшының спорттық карьерасын аяқтауы мүмкін екендігін айтқан еді.
|