Серхио Мартинес Головкинмен жекпе-жекке шығуға ниетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Серхио Мартинес Головкинмен жекпе-жекке шығуға ниетті

12.02.2014
Серхио Мартинес Головкинмен жекпе-жекке шығуға ниетті

Кәсіпқой бокста орта салмақтағы әлем чемпионы - аргентиналық Серхио Мартинес өзінің кезекті жекпе-жегі қарсаңында қазақстандық боксшы, әлем чемпионы Геннадий Головкинмен жекпе-жекке шығуға ниетті екенін мәлімдеді. Бұл туралы allboxing.ru хабарлап отыр.

7 маусымда Нью-Йоркте Мартинес үш салмақ бойынша әлемнің экс-чемпионы пуэрторикалық Мигель Коттомен кездеседі. Аргентиналық боксшы бұл жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтайтынына және осыдан кейін Головкинмен жұдырықтасу мүмкіндігін ойластыратынына сенімді.

«Мен Коттоны нокаутқа жіберген соң Головкинмен жекпе-жекке шығуға тас-түйін дайын болуға мүмкіндік аламын. Ол айтарлықтай қиын қарсылас. Оның техникасы мықты, күші мығым. Физикалық тұрғыдан шыдамды, соққыға төтеп бере алады. Онымен дәл осы кезде жекпе-жекке шығуым керек. Әйтпесе енді бірнеше жылдан соң ол тәжірибе жинақтай түсіп, бұдан да қауіпті болады», - деді Мартинес.

Г. Головкин бұған дейін бірнеше рет Серхио Мартинесті жекпе-жекке шақырған. Бірақ, аргентиналық боксшы тарапынан нақты жауап болмаған.

38 жастағы Серхио Мартинес кәсіпқой рингте 55 жекпе-жек өткізіп, 51 қарсыласын жеңген. 2 рет жеңіліп, 2 рет жекпе-жекті тең аяқтаған. 51 қарсыластың 28-ін нокаутпен ұтқан.

31 жастағы Геннадий Головкин 29 рет жекпе-жекке шығып, барлығында жеңіске жетті. 26 қарсыласын нокаутқа жіберген.

Головкин отызыншы айқасын 26 сәуірде Нью-Йоркте өткізбек. Қарсыласы әлі нақтыланған жоқ.

Хабарламаларға жазылу