Кәсіпқой бокста орта салмақтағы әлем чемпионы - аргентиналық Серхио Мартинес өзінің кезекті жекпе-жегі қарсаңында қазақстандық боксшы, әлем чемпионы Геннадий Головкинмен жекпе-жекке шығуға ниетті екенін мәлімдеді. Бұл туралы allboxing.ru хабарлап отыр. 7 маусымда Нью-Йоркте Мартинес үш салмақ бойынша әлемнің экс-чемпионы пуэрторикалық Мигель Коттомен кездеседі. Аргентиналық боксшы бұл жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтайтынына және осыдан кейін Головкинмен жұдырықтасу мүмкіндігін ойластыратынына сенімді. «Мен Коттоны нокаутқа жіберген соң Головкинмен жекпе-жекке шығуға тас-түйін дайын болуға мүмкіндік аламын. Ол айтарлықтай қиын қарсылас. Оның техникасы мықты, күші мығым. Физикалық тұрғыдан шыдамды, соққыға төтеп бере алады. Онымен дәл осы кезде жекпе-жекке шығуым керек. Әйтпесе енді бірнеше жылдан соң ол тәжірибе жинақтай түсіп, бұдан да қауіпті болады», - деді Мартинес. Г. Головкин бұған дейін бірнеше рет Серхио Мартинесті жекпе-жекке шақырған. Бірақ, аргентиналық боксшы тарапынан нақты жауап болмаған. 38 жастағы Серхио Мартинес кәсіпқой рингте 55 жекпе-жек өткізіп, 51 қарсыласын жеңген. 2 рет жеңіліп, 2 рет жекпе-жекті тең аяқтаған. 51 қарсыластың 28-ін нокаутпен ұтқан. 31 жастағы Геннадий Головкин 29 рет жекпе-жекке шығып, барлығында жеңіске жетті. 26 қарсыласын нокаутқа жіберген. Головкин отызыншы айқасын 26 сәуірде Нью-Йоркте өткізбек. Қарсыласы әлі нақтыланған жоқ. |