Олимпиада алауының қилы-қилы тарихы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Олимпиада алауының қилы-қилы тарихы

12.02.2014
Олимпиада алауының қилы-қилы тарихы
  Олимпиада алауы – Олимпиада ойындарындағы басты нышан. Ол Ойындар басталған кезде тұтанып, дүбірлі дода аяқталғанға дейін жанып тұрады. Көне гректердің наным-сенімдеріне негізделген бұл дәстүр алғашқы рет 1928 жылы Амстердамда өткен Олимпиада ойындарында енгізілді. Ал 1936 жылы Берлинде болған Ойындарда алғашқы рет Олимпиадалық алаудың эстафетасы болып өтті.
 
Бұл алауды Олимпиядан Берлинге әкелуге 3000-нан астам адам қатысты. 1936-шы және 1948-ші жылы болған Қысқы Олимпиада Ойындарында да алау тұтатылды. Ал алау эстафетасы 1952 жылғы Ослода өткен Қысқы Олимпиада ойындарының алдында жүргізілген.
 
Қазіргі кезде Олимпиада алауы ойындарға бірнеше ай қалған кезде Грекияның Олимпия қаласында жағылады. II Дүниежүзілік соғыстан кейін өткен Лондондағы 1948 жылғы Олимпиадада эстафета кезінде алауымен алғашқы болып грек армиясының капралы жүгірді. Эстафета алдында ол үстіндегі әскери киімін шешіп, қолындағы мылтығын жерге тастайды. Осылайша ол өзінің татулық пен бейбітшілікті қолдайтынын көрсетті.
 
Олимпиада алауын жағу әрқашан үлкен абырой болып саналатын. Олимпиада ойындарында алауды алғашқы рет 1928 жылы Амстердам қаласының электр-энергетикалық компаниясының қызметкері жаққан болатын. Сол кезден бастап бұл дәстүрге айналды. Негізі Олимпиада кезінде алауды тұтатуды атақты адамға жүктейді.
 
Алайда бұл заң емес, сондықтан кейде қарапайым адамдар да бұл шараға қатысады. Мысалы, 1964 жылы Токиода өткен ойындар кезінде алауды 1945 жылдың 6-шы тамызында, яғни Хиросима қаласына атом бомбасы тасталған күні туған Есинори Сакаи жаққан еді.
 
Ал 1976 жылы Канаданың Монреаль қаласында болған ойындар кезінде алауды екі жасөспірім жақты. Олардың біреуі француз, екіншісі ағылшын тілінде сөйлейтін аймақтардан келген еді. Бұл Канада елінің бірігу сиволына айналды. Ал Олимпиада алауын жаққан атақты адамдардың арасында Франция футболының жұлдызы Мишель Платини (1992, Аьбервиль), аса ауыр салмақтағы боксшы Мұхаммед Әли (1996, Атланта), хоккейші Уэйн Гретцки мен баскетболшы Стив Нэш (2010, Ванкувер) бар.
 
Ал бүгінгі күні Сочиде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында алауды үш дүркін Олимпиада чемпиондары - Владислав Третьяк пен Ирина Роднина тұтатқан болатын.

Хабарламаларға жазылу