Таңсұлудың бойында қазақ әйелінің барлық қасиеті жинақталған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таңсұлудың бойында қазақ әйелінің барлық қасиеті жинақталған

30.01.2014
Таңсұлудың бойында қазақ әйелінің барлық қасиеті жинақталған
 
Бүгін Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында философ, сенатор Ғарифолла Есімнің «Таңсұлу» атты пьесасы сахналанды. Қоюшы режиссері – Алма Кәкішева.
 
Қойылым қазақ-жоңғар соғысы кезіндегі ана бейнесін кескіндейді. Спектакльде қазақ қызының батырлығы, талапшылдығы, қатал сынақтарға қайыспай қарсы тұра білуі көрініс тапқан.

Туындының қоюшы-режиссері Алма Кәкішева: «Мен көптен бері ана образының айрықша бедерін беретін бір қойылым қойсам деп армандап жүр едім. Философия ғылымдарының докторы, академик, сенатор Ғарифолла Есім ағамыздың кітабын оқып отырып, «Таңсұлу» атты шағын хикаясына жолықтым.

Мен іздеп жүрген ойдың ұшығын тапқандай, қуанып кеттім. Ғарифолла ағамызға хабарласып, осы пьесаны сахналағым келетінін жеткізіп едім, ол кісі де ойымды қуана қабылдады. Жолығып, өзара пікірлестік. Көп өтпей пьесалық нұсқасын жасап берді.
 
Мұнда қазақ әйелінің барлық қасиеті қамтылған. Ол ерке қыз, әнші бойжеткен, даланың қызғалдағындай биші, өзі жетігенде, домбырада ойнай біледі. Оның бақыты – отбасылық өмір. Өзін бір әулеттің ұйытқысы санайды.
 
Алайда, ауылдың басына қиын күн туғанда, одан ел күтпеген батырлықты, қайсарлықты көресіз. Адамды батыр ететін не? Әсіресе, ананың қолына қару алғызатын қандай күш? Ол – рух. Ұлттық намыс. Адамдық ар. Бұл қойылым арқылы біз қазақ анасының типтік образын жасағымыз келді»,-дейді.
 
Ал Таңсұлудың рөлін сомдаған актриса, әнші Салтанат Бақаева: «Әр қойылымның өзіндік қиындығы болады ғой. Маған Таңсұлу образы оңайға түскен жоқ. Әсіресе, оның өршіл, қайсар, батыл мінезін көрсету қиындық туғызды. Себебі, өзім өмірде ұяң, нәзік жанмын.
 
Тағы бір ауырлығы, Таңсұлудың бала кезінен жас ортасына келгенге дейінгі шағын түгел бір өзім алып шықтым. Жас кезінен гөрі, ес тоқтатып, орта жасқа аяқ басқандағы образды сомдау біраз қиыншылық тудырды. Режиссеріміздің еңбегі орасан. Менің жан-жақты ашылуыма мүмкіндік берді»,-дейді.

Хабарламаларға жазылу