Қазақстанда театрға жиі баратындар – қызылордалықтар

01.01.2014
Қазақстанда театрға жиі баратындар – қызылордалықтар
Қазақстанның әрбір бесінші тұрғыны театр, музей және концертке бірнеше жылда бір рет қана барады екен. Бұл DEMOSCOPE қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы өткізген сауалнамада мәлім болып отыр.

Қазақстан тұрғындарының мәдени демалысты қалай өткізетіні туралы сауалнамаға Астана, Алматы қалалары мен Қазақстанның 14 облыс орталығынан барлығы 2000 адам қатысқан.
 
Телефон арқылы жүргізілген шарада сұрақтарға жауап берген 16 жастан жоғары жастағы тұрғындардың 69 пайызын әйелдер, 31 пайызын ерлер құрапты.
 
Сауалнамаға қатысушылардың 29,2 пайызы театрға, 19,1 пайызы классикалық музыкаға арналған концерттерге, 10,8 пайызы музейге, 5,9 пайызы сурет галереясына баруды ұнататын көрінеді.
 
Ал 35,1 пайызы театр, музей, көрме және концертке мүлде бармайды. 32,6 пайызы жылына 1 рет және одан жиі барамын десе, 15,4 пайызы айына 1 және одан да жиі барамыз деген.
 
Олардың ішінде театр қойылымдарын тамашалағанды қызылордалықтардың 38,7 пайызы, алматылықтардың 34,6 пайызы, оралдықтардың 31,6 пайызы, павлодарлықтардың 31 пайызы қалайды екен.

Респонденттердің 3,3 пайызы мәдени іс-шаралар алдында берілетін ақпараттық жарнамалар көп болса, театр, музей, көрме және концерттерге жиі барар едім деп ойлайды. 10,3 пайызына мәдени орындарға баруы үшін ештеңе де әсер етпейді.
 
Мәдени оқиғалар туралы ақпаратты сауалнамаға қатысушылардың 38,4 пайызы теледидардан, 25,6 пайызы интернеттен, 22 пайызы көшедегі афишалар мен билбордтардан алатынын айтқан. Ал, алматылықтар үшін мәдени жаңалықтардың негізгі көзі теледидар емес, интернет екен.
 
Респонденттердің 8,9 пайызы мәдени жаңалықтарды газет-журналдардан оқыса, 2,3 пайызы жақындары мен әріптестерінен естиді, 2,2 пайызы радиодан тыңдайтын көрінеді.

Хабарламаларға жазылу