Шығыс Қазақстан облысы: Семейдегі Абай театрына құлағы нашар еститін жандарға арналған қондырғы орнатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысы: Семейдегі Абай театрына құлағы нашар еститін жандарға арналған қондырғы орнатылды

04.02.2014
Шығыс Қазақстан облысы: Семейдегі Абай театрына құлағы нашар еститін жандарға арналған қондырғы орнатылды
 
Абай атындағы театрға құлағы нашар еститін жандардың қойылымды толыққанды көруіне мүмкіндік беретін қондырғы орнатылды. Залға сурдоаударманы көруге болатын үлкен экрандар қойылды.
 
Аталмыш жүйе таяуда «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклі кезінде сынақтан өтті. Қойылымды тамашалаған көрермендер арасында құлағы нашар еститін балаларға арналған №4 мектеп-интернат тәрбиеленушілері де болды.
 
Мүмкіндігі шектеулі адамдарға бөгетсіз орта қалыптастыру. Алдарына осындай міндет қойған Абай атындағы театр ұжымы БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен «Бөгетсіз театр» атты жобаны жүзеге асыруда.
 
Бағдарлама кембағал жандардың театрға келуіне біртіндеп жағдай жасауды көздейді. Соның алғашқы қадамы жасалды. Мұнда спектакльдердің сурдоаудармасына арналған қондырғы орнатылды.
 
Рауан Қалиев,  БҰҰ Даму бағдарламасының менеджері:
Бұл жоба аясында арнайы техникалық құралдар алынды. Ролл-пандус алынды. Мүгедектер арбасын алдық. Осы құралдар арқылы құлағы естімейтін немесе нашар еститін адамдар театрда болып жатқан барлық спектакльді көріп, қаланың мерекелік шараларына қатысып, ақпаратты өз бетімен ала алады.
 
Мұнда сахнаның екі жағына үлкен экрандар қойылған. Яғни, актерлердің айтқаны сурдоаударма арқылы экраннан көрсетіледі. Ал 2 тілді жетік білетін кәсіби тифлоаудармашы Юлия Тарасова, экранда өзіне жүктелген міндетті орындауда. Бұл қызмет театр штатына тұрақты түрде бекітілгендіктен, басшылық шараның алдағы уақытта жалғасатындығын айтады.
 
Яков Горельников, Достоевский атындағы орыс драма театрының директоры:
Залда сурдоаударманы қажет ететін 1 адам болса да, үнемі жұмыс істейтін болады. Онымен судоаударманы меңгерген адам айналысады. Яғни, бұл бір реттік шара емес, тұрақты түрде көрермен үшін жұмыс істейтін болады.
 
Жаңа жүйе «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклінде сынақтан өтті. Көрермендер арасында құлағы нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернат тәрбиеленушілері бар. Олар театрға жиі келеді.
 
Әйткен Әубәкірова, құлағы нашар еститін балаларға арналған №4 мектеп-интернат директорының орынбасары:
Естігенде әрине, қуандық. Бұл дегеніңіз қойылымды толық тамашалауға мүмкіндік береді. Сурдоаударма арқылы актерлардың сөзі де түсінікті. Театр – киелі мәдениет ордасы. Мұнда тәбиеленушілермен келіп тұрамыз.
 
Театр ұжымы мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасауға арналған жоспар құруда. Мұнда болашақта кембағал жандардың арнайы тазалық бөлмесін жасап, кіре берістегі уақытша пандустар ауыстырылмақ.
 
Рысгүл МАДВАСОВА

 

 

Хабарламаларға жазылу